Инклюзивті білім беру – әрбір адамға физикалық, интеллектуалдық, әлеуметтік, эмоционалдық, тілдік және басқа да ерекшеліктеріне қарамастан жалпы білім беру ұйымдарында оқуға мүмкіндік беретін оқыту түрі.
Инклюзивті білім беруді қажет ететін балалар:
- денсаулығында қандай да бір кінәрат бар (психофизикалық бұзылыстар);
- қоғамдағы әлеуметтік бейімделуінде қиындықтары бар (отбасының әлеуметтік-экономикалық немесе әлеуметтік-психологиялық жағдайы төмен; босқындар, оралмандар; девиантты мінез-құлық; жетімдік).
Барлық балалар - білім беру процесінің тең құқылы қатысушылары болып табылады; мектеп балаларды өмірге бейімдейді; мүмкіндігі шектеулі балаларда олардың қоғамдағы өзектілігі, әлеуметтік іске асырудың мәні мен болашағы туралы түсінік және қоғамның гуманистік ұстанымы қалыптасады, мейірімділікке және барлық адамдардың теңдігіне тәрбиелік мән беріледі.
Инклюзивтің негізгі принциптері
Инклюзивті білім берудің негізгі мақсаты – білім беруде ерекше қажеттіліктері бар балалардың танымдық қабілеттері мен мүмкіндіктеріне сәйкес тұрғылықты жері бойынша білім алу құқығын жүзеге асыру, олардың әлеуметтік бейімделуі, өз баласын тәрбиелеу мен дамытуда отбасы рөлін арттыру.
Әрбір баланың білім алу құқығын жүзеге асыруға және өзіне қажетті мамандандырылған көмек алуға мүмкіндігі бар.
Ресурстық кабинет – жалпы білім беретін сыныптағы негізгі оқу-тәрбие үрдісінен ажырамай, оқушылардың қажеттіліктеріне қарай көмек алатын бөлме. Ресурстық кабинет – бұл әр оқушы үшін сапалы білімнің қолжетімділігін қамтамасыз ету мақсатында әзірленген және ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларды физикалық, интеллектуалдық және басқа да ерекшеліктеріне қарамастан, әлеуметтік бейімдеу арқылы жалпы білім беру ортасына қосуды көздейді.
Инклюзивті білім беруді қолдау кабинетінің негізгі мақсаты – оқушылардың сыныпта құрдастарымен бірге білім алуына және олардың қабілеттеріне сәйкес оқу бағдарламасын игеруіне көмектесу үшін қолдан келгеннің бәрін жасау. Мамандардың міндеті – дамытушылық жұмыстың әдістері мен тәсілдері арқылы білім беру бағдарламасын, оның ішінде қысқартылған немесе жеке бағдарламаны игеру үшін ақыл-ой, сөйлеу, әлеуметтік-коммуникативтік және тұлғалық дамудың жеткілікті деңгейін қамтамасыз ету.