19.03.2026
2026 жылғы 18 наурыз күні сағат 15:00-де ата-аналар қауымдастығымен көктемгі демалыс кезеңінде қауіпсіздікті ұйымдастыру мәселелеріне арналған тікелей эфир өткізілді. Кездесу ата-аналарды 2026 жылғы 19–29 наурыз аралығында өтетін демалыс туралы хабардар етуге, сондай-ақ кәмелетке толмағандардың өмірі мен денсаулығы үшін ересектердің жауапкершілігін арттыруға бағытталды.
Кездесуді Атбасар ауданы бойынша білім бөлімінің басшысының міндетін атқарушы Л. Мұрзахметова ашып, қатысушыларды құттықтады. Өз сөзінде ол демалыс кезеңінде балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін мектеп, ата-аналар және мемлекеттік қызметтердің бірлескен жұмысының маңыздылығын атап өтті. Сондай-ақ Наурызнама аясында оқушыларға отбасылық құндылықтарды, ұлттық дәстүрлер мен мәдени мұраны құрметтеуді қалыптастыруға ерекше назар аударылды.
Тікелей эфир барысында түрлі қызмет мамандары ата-аналарға қауіпсіздікке қатысты маңызды мәселелер жөнінде ақпарат берді.
Киберкеңістікте сақтық шараларын сақтау туралы Атбасар ауданы ПБ криминалдық полиция бөлімінің жедел уәкілі, полиция капитаны Г. Мархаба баяндады. Ол ата-аналарға интернет-алаяқтық, онлайн ойындар мен әлеуметтік желілерге байланысты қауіптер туралы ескертіп, балалардың цифрлық белсенділігін бақылау бойынша ұсыныстар берді.
«Алаяқтардың құрбаны болмау жолдары» тақырыбын цифрлық қызмет көрсету менеджері Мұстафа Тәттігүл жалғастырды. Ол телефон және интернет алаяқтықтың кең таралған түрлері туралы айтып, банктік қосымшаларды пайдалану кезінде және жеке деректерді беру барысында мұқият болуға шақырды.
Кәмелетке толмағандар арасындағы құқықбұзушылық пен қылмыстың алдын алу туралы ГЮП ООБ инспекторы, полиция капитаны Б. Рахимжанов сөз сөйледі. Ол демалыс кезінде балалардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру, олардың іс-әрекетін бақылау және отбасында сенімді қарым-қатынасты сақтау маңызды екенін атап өтті.
Патрульдік полиция взводының командирі, полиция майоры А. Кубашев жол қозғалысы ережелерін сақтау қажеттігін еске салды. Ол ата-аналарды балаларға жолда қауіпсіз жүріс-тұрыс қағидаларын, әсіресе велосипед пен самокат тепкен кезде түсіндіруге шақырды.
Өрт қауіпсіздігі шаралары туралы Д. Нұрпейісов баяндап, тұрмыстық құралдарды пайдалану ережелерін сақтау және балалардың отпен ойнауына жол бермеу керектігін атап өтті.
Діни экстремизмнің алдын алу тақырыбын ОВП теологы А. Гиззатов ашып, отбасындағы рухани-адамгершілік тәрбиенің және дәстүрлі құндылықтарды нығайтудың маңыздылығына тоқталды.
Кездесуді №1 мектептің педагог-психологы Г. Дауренбекова «Көктемгі демалыс: психолог кеңесі» тақырыбындағы баяндамасымен қорытындылады. Ол ата-аналарға балалармен көбірек уақыт өткізуге, бірлескен демалысты ұйымдастыруға және отбасында жағымды психологиялық ахуал қалыптастыруға кеңес берді.
Кездесу барысында қатысушылар балалардың демалыс кезіндегі қауіпсіздігі ең алдымен ересектердің назар аударуы мен жауапкершілігіне байланысты екенін атап өтті. Ата-аналарға балалардың жүрген жерін үнемі бақылау, қауіпсіздік ережелерін сақтау және баланың өміріне белсенді қатысу қажеттігі ескертіліп, қойылған сұрақтарға жауап берілді.
Өткізілген тікелей эфир ата-аналар, педагогтар және мемлекеттік қызмет өкілдері арасындағы тиімді диалог алаңына айналып, балалар үшін қауіпсіз әрі пайдалы көктемгі демалысты қамтамасыз ету жолында барлығын бір мақсатқа жұмылдырды.